
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер күн сайын адам жанына қамқор болып, саулық сыйлап келесіздер. Сондықтан халық сіздерді «Ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын сақтауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап келеді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Мемлекет басшысының осы саясатын іске асыру аясында және Үкіметтің ерекше қолдауымен Түркістан өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынды. Бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрылғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндікті молайтты. Адам үшін ең қажетті емдік шипа – жүректен шыққан мейірім мен жылы сөз. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз дәл осы мейірімнен бастау алады. Сіздер адамға ем ғана емес, сенім мен үміт сыйлайсыздар. Ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деген Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады.