БӘЙДІБЕК: ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

БӘЙДІБЕК: ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕН ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ
 
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара аудан орталығындағы Орталық стадионда ұйымдастырылып, мереке қарсаңында кең көлемде атап өтілді.
 
Мерекелік жиынға аудан басшылығы, мекеме басшылары, соғыс және тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері мен жастар қатысты. Сахна безендірілуі мен музыкалық сүйемелдеуі тақырыпқа сай ұйымдастырылып, елге ерлік пен патриотизм рухын сіңіретін мазмұнды қойылымдар ұсынылды.
Іс-шара барысында аудан әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Қансейітұлы Түймебаев мереке қонақтарын құттықтап, батырлар мен ардагерлерге деген терең ризашылықтарын жеткізді.
 
Мереке аясында ҚР Президентінің 2025 жылғы 26 наурыздағы Жарлығына сәйкес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай бірқатар тыл еңбеккерлері "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, Отан қорғаушылар күніне орай, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы белсенді қызметтері үшін аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, қорғаныс істері бөлімінің және полиция бөлімінің атынан бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер марапаттарға ие болды. Алғыс хаттар мен құрмет белгілері табысталды.
 
Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің ұжымы мен білім беру ұйымдарының қатысуымен сахналық қойылымдар ұсынылды. Олар арқылы соғыс алдындағы бейбіт өмір, майдан шебіндегі ерлік пен Жеңіс сәттері шынайы түрде көрініс тапты.
Мереке соңында қатысушылар Ұлы Жеңістің қасиетті рухын құрметпен еске алып, ерлікті ұлықтау арқылы ұрпаққа өнеге болар тағылымды шараға куә болды.
 
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі