Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов жұмыс сапарымен Жамбыл ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелері тыңдалды. Тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылым, жол-көлік қатынасы, ауыз су және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сапар аясында аудан басшысы Шыбыт ауылындағы жаңадан салынған ауыз су мұнарасының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Шаян өзенінің Шыбыт ауылы маңынан өтетін бөлігінің қазіргі жағдайын көзбен көріп, тиісті сала басшыларына су арнасын ретке келтіру жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Тасқұдық ауылына кіре беріс жол бойында орналасқан көпірдің техникалық жағдайын тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатынын жеткізді.
Жамбыл ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигонның жай-күйі де назардан тыс қалмады. Аталған нысанды аралау барысында оның санитарлық талаптарға сәйкестігі мен қайта жаңарту қажеттілігі қаралды.
Сапар соңында Ерлан Нұрмаханов жақында реконструкциядан өткен “Орталық саябақта” болып, атқарылған жұмыстармен танысты. Аудан әкімі қоғамдық кеңістіктің тұрғындарға жайлы әрі тартымды демалыс орнына айналғанын атап өтіп, алдағы уақытта мұндай жобалардың жалғасатынын айтты.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі