Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың тұрғындармен кездесу және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысу мақсатындағы жұмыс сапары Мыңбұлақ ауылдық округінде жалғасты.
Сапар аясында аудан басшысы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Атап айтқанда, Мыңбұлақ ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орынның (полигон) қазіргі жай-күйімен танысып, санитарлық талаптарға сәйкестігін тексерді. Сонымен қатар, ауыл ішілік су арналарының жағдайын бақылап, судың өткізу қабілеті мен арналардың техникалық жай-күйіне назар аударды.
Жұмыс сапарының маңызды бөлігі – жергілікті тұрғындармен өткен ашық кездесу болды. Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерді көтеріп, аудан әкіміне тікелей сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, жол жөндеу, көше жарығы және ауыз су тапшылығы сынды инфрақұрылымға қатысты мәселелер күн тәртібінде көтерілді.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, әр мәселе бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізіп, аудан әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі