БӘЙДІБЕК: СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

БӘЙДІБЕК: СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
 
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Ақбастау ауылдық округі, Тұрақты ауылындағы су шаруашылығы нысандарының жағдайымен танысты. Сапар барысында Бала бөген өзенінен Тұтарық каналына қосылатын жерді аралап, аталған аумақта төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сала мамандарымен бірлескен зерделеу жұмыстарын жүргізді.
 
Жұмыс барысында Ерлан Нұрмаханов су арналарының қазіргі техникалық жағдайын мұқият қарап, қауіпті аймақтарды анықтауға баса назар аударды. Мамандар өз баяндамаларында Бала бөген өзені мен Тұтарық каналының аралығында су өткізу жүйесінің бірқатар бөлігі қайта жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Атап айтқанда, судың өту мүмкіндігі төмендеген учаскелерде шұғыл түрде арналарды тазалау, нығайту және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары қажет екені белгілі болды.
 
Аудан әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу — халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті. Осыған орай жауапты сала басшылары мен мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, тәуекел аймақтарын толықтай зерделеп, инженерлік-техникалық іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қауіпті учаскелерде шұғыл алдын алу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ су өткізу нысандарының тұрақты мониторингін ұйымдастыру міндеттелді.
 
Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл тұрғындарымен де кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Әкім халыққа төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы түсінік беріп, кез келген қауіптің алдын алу үшін ауыл әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметтері тұрақты байланыста жұмыс істейтінін айтты.
 
Бәфдібек ауданы әкімінің баспасөз хатшысы