Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов жұмыс сапарымен Борлысай ауылдық округінде болып, округке қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар аясында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Аудан басшысы ең алдымен Ақтас ауылына барып, мұнда жүргізіліп жатқан ішкі көшелердегі аяқ жол құрылысын көзбен көріп, мердігер мекеме өкілдеріне сапаға мән беруді тапсырды. Одан әрі Кеңсай ауылындағы балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстарымен танысып, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған нысанның дер кезінде әрі сапалы аяқталуы қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Қошқар ата ауылындағы көше жарықтандыру жүйесінің жаңғыртылу барысы да назардан тыс қалмады. Аудан басшысы жауапты мамандармен тілдесіп, жарықтандыру жұмыстарының сапасын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кездесу соңында Ерлан Нұрмаханов жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, әрбір азаматтың мәселесін жеке-жеке қарады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті салалық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны жеткізілді.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі