БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
 
Бәйдібек ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды. Арнайы іссапармен өңірге келген Ауыл партиясы Төрағасының орынбасары Айтуғанов Қайрат Қапарұлы және партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы аудан шаруаларымен кездесіп, агросаладағы мемлекеттік қолдау шаралары мен даму перспективалары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
 
Сапар барысында делегация алдымен балық шаруашылығымен айналысатын «Шокталап» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық төрағасы Омарбеков Бақыттың айтуынша, 1 гектар жерге екі тоған қазылып, 20 мыңға жуық сазан шабағы жіберілген. Аталған жоба бойынша алғашқы өнім биылғы күзде алынуы жоспарлануда.
 
Әрі қарай, су үнемдеу технологияларын енгізіп жатқан “Қайрат” шаруа қожалығына барды. Қожалық басшысы Жақып Абылай 145 гектар алқапқа жоңышқа егіп, оны жаңбырлатып суару әдісі арқылы суарып жатқанын жеткізді. Бұл технология су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
 
Іссапар соңында делегация “Ернұр” корпорациясының жұмыс барысымен танысты. Мұнда жалпы құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын құс фермасының құрылысы басталған. Сондай-ақ, ферма жанынан құрама жем өндіретін кешен де қарастырылған.
Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
 
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі