Аудан орталығында Бәйдібек ауданының әкімдігі мен Ауыл партиясы өкілдері ұйымдастырған ауыл шаруашылығын дамытуға арналған семинар-кеңес өз жұмысын бастады. Жиынға аудан шаруалары, агроқұрылым иелері, аудандық мәслихат депутаттары, салалық мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиынға Ауыл партиясы Төрағасының орынбасары Айтуғанов Қайрат Қапарұлы және Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы болды. Ауданға арнайы келіп, шаруалармен кездесіп, облыс және аудан аумағында ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы перспективалар мен мемлекеттің қолдау шараларын түсіндірді.
Кездесудің басты мақсаты – ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және ветеринария саласындағы заңнамаларды талқылап, шаруалардың мәселелеріне назар аудару, оларды шешуге арналған ұсыныстарды ортаға салу болды. Жиында қатысушыларға бірқатар өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды:
Ұсақ малды қолдан ұрықтандыру
Экструдталған жем өндірісі
Тері өңдеу
Сондай-ақ, Қаз хабы мен «Ауладан дастарханға дейін» жобалары жайлы мәліметтер берілді. Бұл жобалар ауыл шаруашылығындағы өндірістік тиімділікті арттыруға және өнімдердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Айтуғанов Қайрат Қапарұлы мен Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы ауыл шаруашылығын дамытуда аса маңызды рөл атқаратын жаңа бастамаларды атап өтіп, партияның ауылдық аймақтарды қолдау бағытындағы жүзеге асырып жатқан жобалары туралы да сөз қозғады.
Жиын барысында қатысушылар өздерінің көкейде жүрген сұрақтарын қойып, салалық сарапшылардан қажетті ақпараттар алды. Талқылаулар мен ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылданатын болды.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі