Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов жұмыс кестесіне сәйкес Алғабас ауылдық округіне қарасты елді мекендерді аралады.
Осы округке қарасты Қазата елді мекенінде болып, тұрғындар тарапынан көтерілген түйткілді мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын жан-жақты талқылады. Елді мекендегі ең өзекті мәселелердің бірі таза ауыз сумен қамту жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүйелі түрде сапалы жүргізуді жауапты бөлім мен мекеме басшысына тапсырды. Ауыз су құдығының трансформаторын талапқа сай реттеуді, электр энергиясының үздіксіз беру шараларын қарастыруды жүктеді. Сонымен қатар, құрылысы жүргізіліп жатқан ішкі газ жүйелерінің сапалы жүргізілуін қадағалап, мерзімінде аяқтауды ескертті. Тұрғындарға табиғи газға қосылу үшін тұрғын үйлерінің құжаттандыру, заңдастыру жұмыстарын шұғыл жүргізу қажеттігін түсіндірді.
Елді мекендегі ескі ауылдық клуб жағдайымен танысып, ауылдық округтің әкіміне клубты тәртіпке келтіруді қатаң ескертті. Алдағы уақытта клубты демеушілер арқылы ретке келтіру және штат мәселесін заң шеңберінде зерделеп, ұсыныс енгізу керектігін айтты.
Тұрмыс-1 жалпы орта мектебін аралап, бірінші қабаттағы сынып бөлмелерінің отырған жерлерін қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру және мектепке қосымша кәріз құдығын (септик) қазу шараларын қарастыруды тапсырды.
Іс-сапар ауылдық округ орталығы Шақпақ елді мекенінде жалғасты. Шақпақ ауылдық клубының жағдайымен танысып, жауапты бөлім басшысына нысанды жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттарын әзірлеп, ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сапар барысында елді мекендегі ауыз су тарату нысанында болып, су қондырғыларының жұмысын бақылады. Сондай-ақ, ауыз су жүйесіне қосымша құдық қазу мәселесін геологиялық барлау нәтижесінің қорытындысына сәйкес қарастыруды жүктеді.
Сонымен қатар, спорт кешенінің құрылыс жұмыстары өте баяу жүріп жатқанын ескертіп, құрылыстың сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда екендігін айтты.
Әрі қарай, Үсіктас елді мекенінде болып, ауыз су мәселесі бойынша жақын күндері ауыз су құдығына модульдік су тазарту қондырғысы қойылып, тұрғындар таза ауыз суды пайдаланатындығын жеткізді.
Іс-сапар барысында Таңатар елді мекеніндегі ішкі газ құбырының құрылысын бақылап, мердігерге кестеге сәйкес жұмысты жүйелі, сапалы жүргізуді ескертті. Тұрғындар тарапынан айтылған ауыз су, ұялы байланыспен қамту және ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселелерін тыңдап, олардың жоспарға сәйкес шешілетіндігіне тоқталды.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына «Таза Қазақстан» экоакциясына белсене қатысып, тазалықты ауладан бастауға және ауылды таза ұстауға шақырды.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі