БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ ЖАМБЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ ЖАМБЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
 
Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың тұрғындармен кездесуі  Жамбыл ауылдық округі орталығындағы мәдениет үйінде өтті. Жиында бірінші кезекте Жамбылдық тұрғындармен 2023 жылдың қараша айында болған кездесуде айтылған өтініштер мен ұсыныстардың орындалу бағытындағы атқарылған жұмыстар баяндалды.
- Өздеріңізбен болған алғашқы кездесуде округке қарасты елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтердіңіздер. Арнайы іс-жоспар бекітіліп, биылғы жылы округте бірқатар жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсам, Жүзімдік елді мекеніндегі «Кәрітоған» каналына тоспа (шлюз) орнату үшін жоба әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржысы қаралды. Аталған елді мекендегі Нұрлы көшесіндегі 50 үйге тиісті қаржысы қаралып, 160 кв. трансформатор орнатылатын болады. «Қапшағай» су қоймасынан Жамбыл елді мекеніне келетін ауыз су құбырын деграмон арқылы Шаянға келетін құбырға ауыстырылды. Ағымдағы жылы Жамбыл, Тасқұдық елді мекендерінен ойын алаңшасын салуға, Жамбыл ауылындағы ауыз су жүйесін реконструкциялау үшін жоба әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржылары қаралып отыр. Сондай-ақ Жамбыл ауылынан (27 га) инженерлік инфрақұрылым құрылысына жоба әзірлеуге қаржысы қаралды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға осы жылы Шыбыт ауылындағы Қожамсейіт көшесіне жарық орнату, Тасқұдық елді мекеніндегі Ғ.Мұратбаев көшесіне тас төсеу және көше жарықтарын орнату жұмыстары жүргізіледі. Жамбыл елді мекеніндегі «Орталық саябақты» ағымдағы жөндеуге және бауды қоршау жұмыстарына өзіндік салықтық түсім есебінен қаржы қаралды. Жамбыл елді мекеніндегі полигонға баратын жолға, Жүзімдік (Нұрлы жол көшесіне), Тасқұдық (Түркістан көшесіне), Шыбыт (Шапағат көшесіне) ауылдарына 4 көшеге тас төсеуге қаржы қаралды. Ағымдағы жылы «ҰЛТТЫҚ ЖОБА» аясында Шыбыт елді мекеніне медициналық тірек салынатын болады. Жамбыл, Шыбыт, Қызылжар елді мекендерінде жер асты су қорларына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Қызылжар елді мекенінен кіре беріс 2,9 шақырым жол салуға және су тазартатын кешенді блок-модуль орнатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп отыр, - деді аудан әкімі.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында жамбылдықтар мектеп салу, ауыз су, ұялы байланыс, жайылымдық жер, канал, орталықтағы екі қабатты ғимаратты мақсатты пайдалану және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтерді. Аудан әкімі және тиісті бөлім басшылары қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар тарапынан көтерілген бірнеше мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтып өтті.
Кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды өтініші бойынша жеке қабылдады. Өтініштер назарға алынып, тиісті басшыларға тапсырма берілді. Жиында көтерілген мәселелер бойынша Ерлан Нұрмаханов округ аумағын аралап, жағдаймен танысты. Жауаптылармен шешу жолдарын талқылап, тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеді.
Аудан әкімінің Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі