БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ МЫҢБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ

БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ МЫҢБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАДЫ
 
Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың есептік кездесуі бүгін Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығындағы мәдениет үйінде өтті.
Жиында жаңадан спорт кешенін салу, электр жарығы, жер, жол, суағар орнату, мәдениет, медицина және әлеуметтік салалар мен басқа да бірқатар мәселелер қозғалды. Көтерілген мәселелер назарға алынды. Тиісті бөлім, мекеме басшылары қойылған сұрақтарға жауаптарын берді. Зерделеуді қажет ететін мәселелер жоспарға енгізілді. Жиыннан кейін аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша елді мекендерді аралады. Жағдаймен танысып, шешу жолдары бойынша жан-жақты талдау жүргізіп, орындау жөнінде жауапты бөлім басшыларына тапсырма берді
Аудан әкімі Ерлан Заипұлы өткен жылдың қараша айында болған кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуы мен жоспарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты 2023 жылы Мыңбұлақ елді мекеніндегі Ержанов, Абай, Жұманов көшелеріне 2023 жылы аудандық бюджеттен қаржы қаралып, лоток салынып, пайдалануға берілді. Былтыр Мәдениет елді мекеніндегі тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы арқылы ауыстырылған. Ал 2024 жылы аталған бағдарлама аясында Қосбұлақ елді мекеніндегі тозығы жеткен ағаш бағаналардың орнына (04 әуе желісі) толық темір бетон бағаналарға ауыстырылатын болады. Ағымдағы жылы Қосбұлақ, Бестоғай елді мекендеріне ашық футбол алаңшаларына аудандық бюджеттен қаржы қаралды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға осы жылы Мыңбұлақ ауылындағы Абай, Амангелді, У.Жұманов көшелеріне және Қосбұлақ елді мекенінің Қарабұлақ көшесіне көше жарықтары орнатылады. Мыңбұлақ ауылынан дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысына жоба әзірлеуге, Ақбұлақ ауылындағы Ақтөбе (0,5 шқ), Мәдениет ауылындағы Ырысты көшелеріне (0,5 шқ) тас төсеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралды. Қазіргі таңда Мыңбұлақ, Қайнарбұлақ елді мекендерінде жер асты су қорларына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Мыңбұлақ елді мекеніндегі пайдаланымдағы ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарына (реконструкция) жоба әзірленуде. Аталған жоба әзірленгенен кейін, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылмақ.
- Округке қарасты бірқатар жобаларға қаржы бөлініп отыр. Биылғы жылы жүзеге асатын болады. Әрбір атқарылатын жұмыстардың сапасы бақылауымда. Бүгінгі жиында да мәселелер айтылды. Кейбір мәселерді шешу уақыт пен қаржыны талап етеді, бірақ міндетті түрде кезең-кезеңімен шешілетін болады. Қазір көктем мезгілі, ауыл әкіміне елді мекендердің қас-келбетін ретке келтіруді тапсырамын. Әктеу, сырлау, тал егу, ескі ғимарттарды бұзу және тағы да басқа жұмыстар бар. Округ тұрғындары әрқайсыңыз өз аулаларыңызды ретке келтіріп, ауыл ақсақалдары ауыл әкімімен бірлесе жастарды ұйымдастырып, елдің тазалығына назар аударуларыңызды сұраймын. Ел де, ауыл да өзіміздікі. Еліміздің тазалығын сақтау барлығымызға ортақ іс. Бұл аумаққа қоқыстарды басқа жерден ешкім әкелмейді. Сондықтан, қоқысты белгіленген орынға тастауды, табиғатты аялауды, өскелең ұрпақ жастарды дұрыс тәрбиелеу жұмыстарын бірлесе атқаруға шақырамын, – деді аудан әкімі.
Мыңбұлақ ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, бөлім, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі