БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІНІҢ АЛМАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІНІҢ АЛМАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Кестеге сәйкес аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Бәйдібек ата елді мекеніндегі мәдениет үйінде Алмалы ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Кездесу жиынында округке қарасты Жарықбас, Алмалы, Бәйдібек ата елді мекендерінің тұрғындары өзекті деген бірқатар мәселелерді аудан әкіміне жеткізіп, ұсыныс пікірлерін айтты. Газдың құрылысының талапқа сай жүргізілуін бақылауға алу, электр бағаналарын ауыстыру, «Тау шыңы» лагерін іске қосу және басқа да бірқатар толғандырған сұрақтарын қойды. Ерлан Нұрмаханов тұрғындар тарапынан қойылған әрбір сұрақты мұқият тыңдап, бөлім, мекеме басшыларымен бірге жауап берді. Бірқатар өзекті мәселелерді шешу бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді.
- Өздеріңізбен өткен жылдың қараша айында кездескен болатынмын. Сол кезде округтің маңызды мәселелерін көтердіңіздер. Жиыннан кейін толық аралап, жағдаймен таныстым. Оларды жүзеге асыру бойынша жоспарға енгізіп тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген Бәйдібек ата елді мекеніндегі фельдшерлік акушерлік пункті қосымша генератормен қамтамасыз етілді. Аталған елді мекеніндегі жаңадан салынған спорт кешені Сіздердің өтініштеріңіз бойынша №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің меншігіне берілді. Алмалы көшесінің жарықтары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтау көшесіне өзеннен жаяу жүргіншілер өтетін көпір салуға осы жылы аудандық бюджеттен қаржысы қарастырылды. Жұмыстар биыл жасалатын болады. Жарықбас елді мекені дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу үшін жер телімінің орны ауыстырылып, рәсімделді. Биылғы жылы «ҰЛТТЫҚ ЖОБА» аясында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Алмалы елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасы ретке келтіріліп, қазіргі уақытта сағатпен су берілуде. Сондай-ақ, Өтешов мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Түркістан облысының елді мекендерді ұялы байланыс интернетімен қамтудың жол картасының шеңберінде Бәйдібек ата елді мекеніне орнатылған байланыс мұнарасына "Ксеll" АҚ тарапынан «Актив» байланысын 2024 жылдың шілде айында жүргізу жоспарлануда деді, - аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов.
Есепті жиында Ерлан Заипұлы ауыл әкіміне елді мекендердің қас-келбетін ретке келтіру, әктеу, сырлау, тал егу, ескі ғимарттарды бұзу және аббатандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
- Округ тұрғындары әркім өз ауласын ретке келтіріп, ауыл ақсақалдары ауыл әкімімен бірлесе жастарды ұйымдастырып, елдің тазалығына назар аударуларыңызды сұраймын. Ел, ауыл өзіміздікі. Еліміздің тазалығын сақтау барлығымызға ортақ іс. Бұл жерге қоқыстарды басқа жерден ешкім әкелмейді. Сондықтан, қоқысты белгіленген орынға тастауды, табиғатты аялауды, өскелең ұрпақ жастарды дұрыс тәрбиелеу жұмыстарын бірлесе атқаруға шақырамын, - деді аудан әкімі.
Жиыннан соң аудан әкімі округ тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер бойынша елді мекендерді аралап, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Аудан әкімінің Алмалы ауылдық округіндегі өткен есепті жиынына аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі