БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ Е.НҰРМАХАНОВ БОРЛЫСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ Е.НҰРМАХАНОВ БОРЛЫСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
 
Бүгін бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Қошқарата елді мекенінде Борлысай ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
Жиында аудан басшысы округ тұрғындарымен 2023 жылдың қараша айында өткен кездесуде көтерілген маңызды мәселелердің орындалуына тоқталып, жоспарға енгізіліп атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
- Борлысай ауылдық округін дамыту бойынша атқарылатын жұмыстың ауқымы жоғары. Округе қарасты Кеңсай елді мекеніндегі Бозжігітов, Дауылбаев, Тәшімбетов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер анықталғаннан кейін жұмыстар басталады. Аталған елді мекеніндегі 19 үйдің қуаты төмен электр жарығының мәселесі жауапты мекеме тарапынан қалпына келтірілді. Кеңсай ауылынан жазғы спорт алаңшасын салуға аудандық бюджеттен тиісті қаржысы қаралуда, осы жылы жұмыстар жүргізіледі. Ақтас, Қошқарата, Кеңсай, Шұқыршақ елді мекендерінің шегін кеңейту бойынша құжаттары облыстық тиісті мекемелерге ұсынылды. Елді мекен шегін кеңейту үшін толыққанды жұмыстар атқарылып, аяқталатын болады. Аудандағы Борлысай, Шаян, Боралдай, Алғабас, Бөген ауылдық округтерінің 18 елді мекеннің шегін кеңейту бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның Түркістан облысы бойынша филиялына» өзгеріс енгізілетін елді мекендерінің жер телімдерінің жобалық сметалық бағалау құнын шығару бойынша хат жолданды. Ақтас, Шұқыршақ ауылдарының газ құрылысына жоба әзірленіп, республикалық бюджетке қаржы қарастыруға ұсынылды. Одан бөлек, Кеңсай, Қошқарата елді мекендерінің газ жүйесінің құрылысына жоба жасалуда, құжаты дайын болғаннан кейін бюджетке қаржыландыруға ұсынылатын болады. Борлысай ауылдық округіне демеушілер көмегімен орнатылған көше жарығын аудан меншігіне алу жұмыстары бойынша ауыл әкімі баяндап отыр. Округтегі шешілмей келе жатқан маңызды мәселе үш елді мекендегі ауыз судың жағдайы. Бүгін арнайы көріп, шешуге барынша жұмыстар жүргізетін боламыз деді, - аудан әкімі.
Кездесуде ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсен Жарқынбаев Ақтас ауылындағы саябақты, оны аумағындағы мереке күндері мәдени көпшілік іс-шара өтетен сахна мен Ұлы Отан соғысы батырлары жазылған мемориалды, жөндеуден өткізу жөнінде ұсынысын айтты. Аталған округтен сайланған мәслихат депутаты Борлысай жалпы орта мектебінің жылу жүйесін жөндеуден өткізуге ықпал етуді өтінді. Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді назарға алған аудан әкімі Ақтас елді мекенінің жылуы бойынша білім бөліміне тапсырма берді.
Жиын біткен соң Ерлан Нұрмаханов орталық саябаққа байланысты айтылған ұсыныспен арнайы барып танысты. Аумағын аралап көріп, жауапты мамандар мен ауыл әкіміне тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма жүктеді. Сонымен қатар аудан басшысы округте сенбіліктер ұйымдастыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма жүктеді.
Аудан әкімінің Борлысай ауылдық округіндегі өткен есепті жиынына аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, мәслихат депутаттары қатысты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі