
Президент сайлауы өтеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында кезектен тыс президенттік сайлауды 2022 жылдың күзінде өткізуді ұсынса, мемлекет басшысы 2022 жылы 21 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалды.
Конституцияға енген соңғы түзетуге сәйкес, елде енді президент жеті жылға сайланады және одан кейін қайта сайлауға түсе алмайды.
Қазақстанда президенттікке 40 жастан асқан, жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, кейінгі 15 жылда елде тұрған адам үміткер бола алады.
Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі.
Қазақстанда президенттіктен үміткер кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу 21 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Сайлау алдындағыи үгіт-насихат жұмысы 2022 жылғы 21 қазан күні сағат 18:00-де басталып, 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қараша – үнсіздік күні. Орталық сайлау комиссиясы 21-27 қараша аралығында нәтижелерді анықтау мен сайланған президентті тіркеу жүргізеді.
Алда болатын сайлау еліміз үшін өте маңызды қадам. Сондықтан да, Президент сайлауына белседі қатысып, өз таңдауын жасау әр адамның азаматтық парызы деп есептеймін.
Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаев