2026 жылдың 12 маусым күні Бәйдібек аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Тау шыңы» жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жазғы лагерьдің басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасау.
Аталған лагерьге мектеп жасындағы оқушыларды қамту көзделген. Аудандағы барлық білім беру ұйымдарынан 1600 бала жазғы сауықтырумен қамтылып, 7 ауысым бойынша өткізу жоспарланды. Қазіргі таңда «Бірінші ауысымға» аудан бойынша 239 бала қамтылды.
Лагерьде 1 меңгеруші, 16 тәрбиеші, 7 аспаз және 11 жұмысшы қызметкерлер жұмыс жасайды. Жоспарланған балаларды жаз айларында тиісті мерзімдеріне сәйкес қабылдап, олардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қауіпсіздігін қатаң бақылап отыратын болады.
Ашылу іс-шара барысында лагерь тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Келген қонақтар, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақбаев Нұрпейіс Оразханұлы, аудан прокуроры Байтелиев Мәди Мұратбекұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы Құрбанәлиев Ғалымжан Рахымжанұлы, ардагер ұстаз, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Атемов Ағабек Құрбанұлы, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Қожатаев Қасым Әмірәліұлы, білім бөлімінің басшысы Тілеубердиев Қанатбек Мақұлбекұлы және ата-аналар сөз сөйлеп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй, қызықты демалыс пен жарқын жетістіктер тіледі. Өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі екенін атап, жақсы демалуына ықыластарын білдірді.