Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаев Боралдай ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Аудан басшысы өз сөзінде жергілікті атқарушы органдардың басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда, соңғы жылдары округте табиғи газбен қамту бағытында бірқатар елді мекендерде тиісті жұмыстар жүргізіліп, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдануда.
Бұдан бөлек, білім беру және спорт саласында да оң өзгерістер бар. Мектеп ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорт нысандарының құрылысы қолға алынған. Ауыл тұрғындарының демеушілігімен бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Жол инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмаған. Округтегі бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Алдағы кезеңде округ аумағында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, спорт нысандарын абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу, су арналары мен каналдарды тазалау және бірқатар көшелерді жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде аудан әкімі мен тиісті бөлім басшылары тарапынан нақты жауаптар беріліп, көтерілген мәселелер бақылауға алынатыны жеткізілді.
Жиын соңында тұрғындарға сұрақ-жауап форматына өтіп, әрбір азаматтың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Аудан басшысы барлық мәселелер заң аясында қаралып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі