2026 жылдың сәуір айында Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Н.Ақбаевтың ауылдық округтерді аралау кестесіне сәйкес жұмыс сапары Борлысай ауылдық округінен басталды.
Іссапар барысында аудан басшысы Ақтас, Қошқар ата, Кеңсай елді мекендерінде орнатылған түнгі жарық шамдарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Ақтас ауылында аяқталған жаяу жүргіншілер жолының (тротуар) сапасы қаралып, қазіргі таңда жүргізіліп жатқан стадион құрылысының барысы тексерілді.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында егілген тал көшеттерінің жағдайы зерделеніп, Ақтас ауылындағы су алу (водозабор) нысанының құрылысымен танысты.
Жұмыс сапары аясында Борлысай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырылды.
Іссапар әрі қарай Алмалы ауылдық округінде жалғасады.
Аудан әкімдігі тарапынан ауылдық округтердегі инфрақұрылымдық нысандардың сапасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты бақылауда.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі