Бүгін аудан орталығындағы Тәуелсіздік алаңында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Ұлыстың ұлы күні – ел бірлігінің мерекесі» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік жиын барысында алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды. Келушілерге дәстүрлі тағамдар ұсынылып, ақ дастархан жайылды. Сонымен қатар, өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сахналық қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Көпшілікке дәстүрлі Наурыз көже ұсынылып, мерекелік думан жоғары деңгейде өткізілді.
Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Өз сөзінде Наурыздың береке мен бірліктің, жаңару мен жаңғырудың символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев барша тұрғындарға ақжарма тілегін білдіріп, мерекенің мән-маңызын ерекше атап өтті.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мерекесінің мазмұны жаңарып, «Наурызнама» онкүндігі аясында кеңінен атап өтілуде. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған.
Аудан көлемінде өткен мерекелік іс-шара тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ел бірлігі мен татулығын айшықтап өтті.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі