Бәйдібек ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Конституциялық реформа: қоғамдық диалог және Президенттің жаңа бастамалары» тақырыбындағы Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтылған бастамаларын іске асыру мәселелері бойынша аудан активінің жиыны өтті.
Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев ашып, жүргізді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және мекеме басшылары, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы айқындаған конституциялық реформалардың мазмұны мен маңыздылығы, оларды жергілікті деңгейде түсіндіру және іске асыру бағытындағы міндеттер қаралды.
Жиын барысында сөз алған Нұрпеис Ақбаев Конституция – ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын, билік пен қоғам арасындағы қатынасты реттейтін басты құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, олардың өзара жауапкершілігін нақтылауға, Парламенттің рөлін күшейтуге, жергілікті өкілді органдардың ықпалын арттыруға және Үкіметтің есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар қоғамдық диалогты нығайту, азаматтардың пікірін ескеру, қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту – демократиялық мәдениетті жетілдірудің маңызды қадамдары екені айтылды.
Күн тәртібіне сәйкес алғашқы баяндама аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров тарапынан жасалды. Баяндамашы Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру бағытындағы жоспарлы жұмыстарға тоқталды.
Жарыссөз барысында еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Серікбай Тұржан, ауданның төбе биі Тұрсынәлі Дүйсенбеков және журналист Абзал Әділбеков сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті және қолдау білдірді.
Жиын қорытындысында айтылған ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта бірлескен жұмыс еліміздің тұрақты дамуына және ел бірлігін нығайтуға қызмет ететіні атап өтілді.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі