Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпеис Ақбаевтың төрағалығымен аудандағы спорт саласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті.
Жиынға «Даму бала» бағдарламасы аясында қызмет көрсететін мекемелердің директорлары, аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшы орынбасарлары, спорт саласының мамандары сондай-ақ 11 ауылдық округке қарасты спорт нұсқаушылары қатысты.
Кездесу барысында спорт саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, «Даму бала» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетуші мекемелердің басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту, ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде көкпар ойынын жандандыру, ауылдық округтерде спорттық іс-шаралардың ауқымын кеңейту мәселелері қаралды.
Балалар мен жасөспірімдерді спорт және өнер үйірмелеріне тарту көрсеткіштерін арттыру, үйірмелер жұмысының сапасын күшейту бағытындағы міндеттерге ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша сала мамандарының ұсыныс-өтініштері ескеріліп, спорт саласын одан әрі жүйелі дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі