
Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық қоғамның басты құндылықтарын дәріптейтін, әрбір азаматтың ел болашағын айқындаудағы рөлін айқын көрсететін маңызды күн. Бұл мереке сайлау құқығының маңызын, заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершіліктің жоғары деңгейін паш етеді.
Аталмыш мереке жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді. Биылғы дүниежүзілік сайлау күні 5 ақпан күніне сәйкес келіп отыр. Бұл күн 2005 жылы Будапештте өткен сайлау ұйымдастырушылардың бас конференциясында қабылданған.
Дүниежүзілік сайлау күні – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдерінен өтті. Тәуелсіздік жылдарынан бері ел азаматтары төрт референдумға, президентті сайлау жөніндегі жеті науқанға, мәжіліс және мәслихаттарды сайлау жөнінде сегіз сайлауға қатысты.
Елімізде сайлау және сайлану құқығы 1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген. Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын, сондай-ақ жергілікті органдардың мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.
Конституцияда Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді.
Аудандағы сайлау органдарының тарапынан азаматтық ұстаным танытуға және қоғамдық процестерге белсенді араласуға шақыратын шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның бір айғағы, биылғы Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту мақсатында онкүндік жарияланып, біршама жұмыстар атқарылды. Бұл іс-шараларды ұйымдастыруымыздың басты мақсаты – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде жас, болашақ сайлаушылардың саяси мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына көңіл бөлу болды. Атаулы күн аясында білім беру мекемелерінде сынып сағаттары, интеллектуалдық ойындар өтіп, презентациялар көрсетілді. Сонымен бірге, кездесулер және «Ашық есік күні», «Дөңгелек үстел» форматында т.б. ұйымдастырылған шараларға 2500-ден аса азамат қамтылды.
Сайлау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, сайлаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан да бұл атқарылған жұмыстар – қоғамда сайлау мәдениетін көтеру, жас сайлаушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға аз да болса жол ашады деп санаймын.
Қырықбаев Марат,
Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.