Бүгін Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ берілді.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев тұрғындардың қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін білдірді.
– Бұл жоба сіздердің үйлеріңізге жылу әкеліп, күнделікті өмірлеріңізді жеңілдетеді. Бүгінгі күн ауыл тарихында ерекше орын алады деп сенемін. Бұл – бірлік пен тынымсыз еңбектің жемісі. Табиғи газдың елді мекендерге берілуі – Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі, – деп атап өтті.
Сонымен қатар, салтанатты шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сариева Роза Олжабайқызы, аталған басқармасының Газ бөлімі басшысы Умиралиев Қуаныш Есімұлы, аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Жобаны жүзеге асырған «KazBuildCo» ЖШС-гі мердігер мекемесі. Газ құбырының ұзындығы: – 10,700 шақырым, нәтижесінде аудандағы жалпы 50 елді мекеннің 39 елді мекені (78%), 48 221 халықтың 43 778-і (90,8%) табиғи газбен қамтылды.
Оған қоса, ағымдағы жылы 8 елді мекеннің (Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас, Шұқыршақ) газдандыру құрылысы жүргізілуде.
Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі