БӘЙДІБЕК: АУДАННЫҢ ЖАС ВОЛЕЙБОЛШЫ ҚЫЗДАРЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

БӘЙДІБЕК: АУДАННЫҢ ЖАС ВОЛЕЙБОЛШЫ ҚЫЗДАРЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ
 
Орал қаласында 2013–2014 жылы туған қыздар арасында волейболдан өткен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғаған Бәйдібек ауданының жас спортшы қыздары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.
 
Жас спортшылардың бұл жеңісі – аудан спортын дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі әрі өңір абыройын асқақтатқан маңызды жетістік. Айта кету керек, аталған команда бұған дейін де республикалық жазғы және күзгі чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып, бірнеше мәрте чемпион атанған.
 
Чемпион атанған спортшыларды Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Кездесу барысында жас спортшылардың табандылығы мен еңбекқорлығын атап өтіп, олардың жетістігі аудан жастарына үлгі екенін айтты. Сондай-ақ, алдағы жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.
 
Сонымен қатар, команданың жоғары нәтижеге қол жеткізуіне зор үлес қосқан бапкерлердің еңбегі ерекше аталып өтті. Атап айтқанда, Әлжанов Шынболат Нұрланұлы «Үздік жаттықтырушы – 2025», ал Мергенбай Дәуіржан «Үздік жас жаттықтырушы – 2025» номинацияларымен марапатталған.
 
Аудан әкімдігі тарапынан бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және олардың халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
 
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі