Бәйдібек ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда аудан орталығы Шаян елді мекенінде бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, іске асырылуда.
“Шаян” мектеп-лицейінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
1976 жылы салынған, 3 қабатты, екі корпустан тұратын “Шаян” мектеп-лицейі қазіргі таңда 700-ден астам оқушыны біліммен қамтып отыр. Аталған білім ордасында реновация бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны — 314 млн 160 мың теңге. Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме — «КазСтройЭверест» ЖШС.
Аталған нысанға аудан әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлы арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеуді толық аяқтау, жұмысшылар санын арттыру және сапаға ерекше көңіл бөлу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Реновация жұмыстары — ескірген білім беру ғимараттарын заманауи әрі жайлы білім ортасына айналдыруды көздейді. Бұл – балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасаудың бірден-бір жолы.
Әрі қарай ардагерлерге арналған “Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығына барды.
Аудан басшысы ардагерлер мен зейнет жастағы азаматтарға арналған жаңа әлеуметтік нысан — “Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының жұмысымен танысты.
– “Аталған орталықтың ашылуы – ауданның әлеуметтік дамуындағы үлкен қадам. Бұл мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты және тиімді қолдаудың айқын көрінісі. Сонымен қатар, бұл бастама – тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасайды.”
Орталық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалып, кәсіби мамандар қызмет көрсетеді. Мекеме азаматтардың белсенді өмір сүруін қолдап, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеуге, өзара байланыс орнатуға бағытталған.
Соынмен қатар, Ерлан Нұрмаханов мекеменің ғимаратынан орын алған біршама кемшіліктер бойынша тез арада қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Аталған тапсырмалардың орындалуы аудан басшысының тікелей назарында болады.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі