БӘЙДІБЕК: ШАҚПАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

БӘЙДІБЕК: ШАҚПАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
 
Алғабас ауылдық округі Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынды аудан әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлы ашып, ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Арнайы жиналған ауыл тұрғындарын замануи жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
 
"Бүгінгі ашылып отырған нысан — жастарымыздың спортпен шұғылдануына, салауатты өмір салтын ұстануына, түрлі жарыстар ұйымдастыруға арналған қолайлы орын болмақ. Бұл кешен болашақ чемпиондарымызды тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді", — деді аудан басшысы өз сөзінде.
 
Сонымен қатар, жиынға арнайы келген Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нақыпбеков Алмас Мұхаддасұлы, Түркістан облысының мәдениет басқармасының «Конгресс Холл көпсалалы кешенінің» басшысы Кенехан Асқар Оразханұлы және Бәйдібек аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Сылқымбек Спабеков Шақпақ елді мекенінің тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
Жаңа спорт кешені – жобасын жүзеге асырушы мердігер мекеме – "Real Story Invest" ЖШС, нысан құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңдары бар. Аудан спортшылары ағымдағы жылы түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен аудан спортшылары жүлделі орындарға ие болды.
 
Жаңа спорт кешені – жастардың денсаулығын нығайтып, олардың бойына отансүйгіштік пен патриоттық тәрбие сіңіруге бағытталған игі бастамалардың жарқын көрінісі. Бұл кешен алдағы уақытта ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен айналысуына кең мүмкіндік беріп, ауылдың қоғамдық өмірінде маңызды орын алатыны сөзсіз.
 
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі