ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы Келес ауданы аумағында салынып жатқан заманауи «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені Қазақстандағы ғана емес, Еуропадағы ең ірі жабық агроөндірістік нысандардың біріне айналмақ. Ауқымды мега-жоба өңірдің ғана емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығын индустрияландыруға және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама саналады.

Жобаның негізгі бағыты – экологиялық таза қызанақ өндіру. Кешенді ресми іске қосу тамыз айына жоспарланған. Алғашқы кезеңнің өзінде 51 гектардан астам аумақта 27 мың тонна өнім өндірілген. Жоба толық жүзеге асқанда жылыжай алқабы 500 гектарға дейін ұлғайтылмақ. Кешен 2030 жылы толық қуатына шығып, жылына 240 мың тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланып отыр.

Жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобаның жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыруды Қазақстанның Даму банкі қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, қажетті инфрақұрылым толық тартылған. Жылыжай Нидерландтан жеткізілетін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталады.

Жоба аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кешен толық қуатына шыққанда тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны арта түседі.

Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа да бағытталмақ. Негізгі экспорттық бағыт ретінде Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс өңірлері белгіленген. Бұл Қазақстанның жылыжай өнімдері нарығындағы позициясын күшейтіп, өңірлік көшбасшылар қатарына шығуына мүмкіндік береді.

Жобаның серіктесі – жылыжай көкөністерін өндіру саласындағы ірі халықаралық компаниялардың бірі ЭКО-культура агрохолдингі. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, қоймалар және өндірістік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жалғасуда. Бірқатар негізгі техникалық нысандар пайдалануға берілген.