
Түркістан облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жүйелі әрі жоғары қарқынмен жүргізілуде. Саяқ шегірткеге қарсы күрес барысы туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев баяндады.
Өткен жылы облыстық бюджеттен 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар жер өңделсе, биыл 133 млн теңге қаралып, 36 мың гектар алқапта өңдеу жоспарланған. Жұмыстар Арыс қаласы, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарында жүргізіледі.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу аяқталып, мердігер анықталған. Компания тарапынан 36 техника дайындалып, олардың әзірлігі тексерілген. Сонымен қатар облыс тарапынан қосымша 72 техника жұмылдырылып, жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.
Жалпы 1 миллион гектардан астам аумақта мониторинг жүргізу жоспарланған болса, бүгінгі таңда оның 569,4 мың гектары немесе 62,8 пайызы зерттелді. Нәтижесінде 183,5 мың гектарда зиянкестердің экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Шегіртке дернәсілдерінің дамуы да бақылауда. Мониторинг жұмыстарына 576 маман мен 12 дрон тартылған.
Химиялық өңдеу жұмыстары 421,6 мың гектарға жоспарланып, қазірдің өзінде 171,5 мың гектар немесе 42 пайызы орындалды. Оның ішінде 157,8 мың гектар жер үсті бүріккіштерімен, 8 мың гектар аэрозольді генераторлармен және 5,7 мың гектары әуе арқылы өңделген. Бұл жұмыстарға 293 жер үсті техникасы, 3 газогенератор, 72 су тасушы көлік және 4 ұшақ жұмылдырылған. Өңдеу барысында «Тиаметрин с.к.» және «Гунсяо 10 к.э.» препараттары қолданылуда.
Талдау нәтижесінде Сарыағаш ауданының 22-секторы және Келес ауданының бірнеше секторлары жоғары қауіпті аймақ ретінде анықталды. Ал Арыс қаласы мен басқа аумақтар орташа және төмен қауіпті деңгейде бағалануда. Шегіртке ошақтарын дәл анықтау үшін шөп қалың аймақтарда мониторинг күшейтіліп, әсіресе Өзбекстанмен шекаралас аумақтарға ерекше назар аударылуда.
Жалпы алғанда, облыстағы фитосанитариялық ахуал тұрақты. Зиянкестердің таралу қаупі толық бақылауға алынған және жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға барлық мүмкіндік бар.