ҚОҚЫСҚА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАҢЫЗ!!!

ҚОҚЫСҚА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАҢЫЗ!!!

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына орай, қала әкімдігі мен жергілікті полиция өкілдерінің және «Қызмет сервис» ЖШС-нің қызметкерлерінен құралған арнайы топ қала тазалығына қатысты жұмыстарды белсенді жүргізуде.

Бұл бағытта ең алдымен тұрғындарға қоқыс мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, азаматтар қоқысты оңды-солды шашпай, белгіленген орындарға тастау мен жинап, тапсыру тәртібіне бағынуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, тәртіп бұзғандарға ескерту беріледі. Ал одан нәтиже шығармағандарға заңды түрде шара қолданылады.

Арыс аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмас Мырзахметовтің айтуынша, бүгіннен бастап Арыс каласы бойынша арнайы 2 учаскелік полиция кызметкеріне қосымша жауапкершілік жүктелді. Олар тиісті сала қызметкерлерімен бірлесе отырып, қала бойынша тазалықтың сақталуын қамтамасыз етуге атсалысады.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-тармақшасында «ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2 917 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатыны» көрсетілген.

Сонымен қатар, аталған баптың 2-тармақшасында заңбұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі