ДАЛАЛЫ АЙМАҚТА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ДАЛАЛЫ АЙМАҚТА ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысы дезинфекция орталық филилалына қарасты Арыс қалалық дезинфекциялық сектор мамандарының ұйымдастыруымен осы күндері 6 елді мекеннің іргесіндегі далалы аймақта кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Арыс қаласы маңы мен Ақдала, Онтам, Байырқұм, Жиделі және Қожатоғай ауылындағы далалы аймақты залалсыздандыру тамыз айының алғашқы он күндігінде іске асырылады.

Қазіргі кезде 2 «Беларусь» тракторы ОШУ аппаратымен кенеге қарсы дәріні шаңғытып шашу әдісіне жұмылдырылған. Сондықтан да жергілікті тұрғындар мүмкіндігінше мал-жанның қауіпсіздігін қамтамасыз еткені абзал. Өйткені, залалсыздандыру процесі тіршілік иелеріне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Арыс қалалық дезинфекциялық сектор нұсқаушысы Бауыржан Досалиевтің айтуынша, мамандар далалы аймақты залалсыздандыру кезінде едәуір қиындық-кедергілерге тап болуда. Нақтылай түссек, елді мекен мен ауыл тұрғындарының күл-қоқысты белгіленген орынға емес, ауыл маңына оңды-солды төгуі еңбектің зая кетуіне септесетін көрінеді.

 

ҚОҚЫС ҮШІН ЗАҢДА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

Бұл жерде проблеманы ұшықтыратын екі мәселе бір арнада түйіседі деген сөз. Яғни, алдымен тұрғындар күл-қоқысты белгіленген орынға тастамай санитарлық талапқа қайшы әрекет етсе, сол әрекеттің нәтижесі залалсыздандыру жұмысының зая кетуіне ықпал етеді.

Ал бұл мәселеге қатысты заң аясында жауапкершілік жүктелетінін ескертеміз. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-тармақшасында «Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2 917 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға алып келетіні» көрсетілген.

Сонымен қатар, аталған баптың 2-тармақшасында заңбұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіш (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатыны жазылған.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі