БҰЛ – ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУДЫҢ ҮЛГІСІ: МАҢҒЫСТАУЛЫҚ АҒАЙЫНДАР АРЫСТЫҚ ЖАСТАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

БҰЛ – ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУДЫҢ ҮЛГІСІ: МАҢҒЫСТАУЛЫҚ АҒАЙЫНДАР АРЫСТЫҚ ЖАСТАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Биылғы жылғы қуаңшылық маңғыстаулық шаруаларға қиын соғып тұрғаны белгілі. Өтпелі кезеңді еңсеру мақсатында Түркістан облысында "БАТЫСҚА КӨМЕК" шарасы қолға алынып, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің атсалысуымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ келісім жасалып, логистика мәселесі шешілді.

Аталған шараға Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекованың ұйымдастыруымен арыстық шаруалар мен белсенді азаматтар көмек қолын созған. Шөпті жинауға және артуға қаланың еріктілері мен белсенді жастары көмек көрсеткен.

Атап айтқанда, Арыс қаласына қарасты «Қостүйін» тұйығынан Маңғыстау облысына 3 мың бау, яғни 3 вагон шөп жіберіліп, тиісті мал азығы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылдық округіне, Қарақия ауданының Сенек, Бостан, Құланды ауылдық округтеріне қарасты шаруашылықтарға жеткізіліп, үлестірілді.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов өз кезегінде батыстық шаруалар атынан арыстық шаруалармен ерікті жастарға арнайы алғыс айтты.

«Құрметті Арыс қаласының ерікті жастары!

Биыл Маңғыстау облысында қуаңшылық болып, төрт түлік малды жем-шөппен қамту қиындаған сәтте Арыс қаласының жұртшылығы шалғайдағы өңір шаруалары үшін шөп шауып, игі іс бастады. Осы ретте ерікті жастар жалынды жүректен зор үлес қосты.

Қиын сәтте шет қалмай, қуаңшылықтан зардап шеккен маңғыстаулық шаруаларға көмек қолын созып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін облыс тұрғындарының атынан алғыс айтамын.

Бұл қолдау – ұлт болып ұйысудың үлгісі. Еліміздің ынтымағы нығайып, берекесі арта берсін!», – делінген өңір басшысының алғыс хатында.

Айта кетейік, қайырымдылық шараға Арыс қаласы, Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Сырдария ауылының тұрғындары Әмір Шпеков пен Нұржан Рысбаев, Зүлфия Нұсқабекқызы, Түгел Шыныбеков, қала тұрғыны Ерзат Ергентайұлы мен «Қолғабыс» қоғамдық қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабеков бастаған азаматтар белсенді атсалысқан болатын.

Арыс қаласы аумағында игі шара әлі де жалғасып жатыр.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі