ҚАЗІРГІ ҚОҒАМҒА «ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ ЗАҢЫ» КЕРЕК – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМҒА «ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ ЗАҢЫ» КЕРЕК – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

Арыс қаласында жергілікті азаматтық қоғамдастық өкілдері мен жергілікті кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүшелерімен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззәт Рамазанова қазіргі қоғамға отбасы институтын нығайту үшін арнайы заң қажет екендігі туралы айтты.

«Қазір бізге ұлттық бояуы қанық заң керек. Отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, зорлық-зомбылықтың алдын алуда заң атауының өзіне ұқыппен қарағанымыз жөн. Өйткені, қазақ үш қағиданы қатаң ұстанады: ұят, обал және сауап. Міне, осы үш сөздің астарында ұлттық құндылығымыз бен болмысымыз жатыр. Сондықтан бізде зорлық-зомбылыққа қарсы заң емес, «Отбасы институтын нығайту заңы» керек», – деді Рамазанова.

Депутаттың айтуынша, жақын күндері еліміздің 214 ауданы мен елді-мекенінде зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы орталықтар ашылады. Ол жерде тұрмыс тауқыметін тартқан әйелдер мен қолдау, демеуге зәру жандарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Айрықша атап өткім келетіні, біз осындай орталықтарды ашу керекпіз деп жүрсек, Арыс қаласында мұның бәрі іске қосылып үлгерген екен. «Ардагерлер орталығы» мен «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы және «Әлеуметтік дүкен» облыс емес, республикаға үлгі боларлық жоба. Оған қоса, жергілікті ардагерлер арасынан төбе би сайлау арқылы, ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық кикілжіңдерді тиімді шешуге ақсақалдардың атсалысуы зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ауқымды істердің бірі болып табылады», – деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Арыс қаласы әкімдігінің ғимаратында санитарлық-гигеналық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылған жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззәт Рамазанова мен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, мемлекеттік атқарушы органдар мен азаматтық қоғамдастық өкілдері және жергілікті кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүшелері қатысты.

Басқосуда азаматтық-құқықтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланып, алдағы жоспар-жобалар туралы айтылды.

ДЕПУТАТ АРЫСТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Арыс қаласында жергілікті азаматтық қоғамдастық өкілдері мен жергілікті кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүшелерімен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззәт Рамазанова Арыс қаласында жүзеге асқан жарқын жобалармен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы осы жылдың 18 маусымында ашылған болатын.

Орталықта мүгедектерге және олардың отбасыларына фронт-офис режимінде психологиялық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдеу, техникалық оңалту құралдарымен пайдалануды үйрету жүргізіледі.

Орталықтың мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету, психологиялық қолдау бағытында кеңес беру, сурдоаудармашы қызметі, компьютерлік, цифрлық технологиялық сауат ашу, ЭЦҚ арқылы электронды қызметті пайдалануды үйрету, массаж орталығы, иога орталығы, спорттық дене шынықтыру, зияткерлік ойын түрлері мен рухани-танымдық іс-шаралар көрсетіледі.

Қазіргі таңда 250 мүмкіндігі шектеулі жан «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін пайдалануда. 

Сонымен қатар, «Ізгілік» және «Қолғабыс» қоғамдық қоры мен кәсіпкер азаматтардың көмегімен Арыс қаласында әлеуметтік дүкен ашылып, жағдайы төмен отбасылар мен көмекке зәру тұрғындарға арналған дүкенде азық-түлік пен киім-кешектен бастап тұрмыстық техника сынды көптеген заттар тегін таратылады. Атап айтқанда 50 отбасыға 400 киім-кешекпен қамтамасыз етілді. 90 отбасы тексеріліп, 68 отбасы мұқтаж деп тіркелді. 9 ана жұмыспен қамтылып, 1 ананың кәсіп ашуына қолдау қөрсетілді.

240 баласы бар 58 отбасыға кәсіпкерлер мен орталық мешіттің қолдауымен азық-түлік себеттерімен және етпен қамтамасыз етілді.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі