
Бүгін Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова ғасырға жуық тарихы бар Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйіне барып, тәрбиеленуші балалардың жағдайымен жан-жақты танысты.
Шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызымен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы А.Байтанаев, қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, «Нұр Отан» партиясының Арыс қалалық филиалы төрағасының орынбасары Б.Ділдәбеков және облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының жауапты өкілдері балаларға жасалып жатқан жағдайлармен танысты.
Жалпы, олар балалардың жатын бөлмелерін, дем алатын, спортпен шұғылданатын орындарын аралады. Сонымен бірге, кітапхана, акт залы, шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелерге мән беріп, толық танысып шықты.
Бұл ретте қала әкімі Гүлжан Құрманбекова балалар үйінің басшысы Меруерт Сүйіндіковаға тәрбиеленушілердің спортпен, шығармашылықпен немесе өзге де пайдалы істермен қаншалықты айналысатындығын сұрап, оған орынды жауаптарын да алып отырды. Отбасылық балалар ауылының директоры М.Сүйіндікова балалардың басым көпшілігі спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанып, шығармашылықпен айналысатындығын, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген өнерлі балалар туралы баяндады. Қазіргі кезде Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар ауылындағы 7 отбасында 69 бала тәрбиеленуде.
Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі