Арыс қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Арыс қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті.
Тағылымды жиынға қала әкімі Қайсар Маңқараев, Арыс қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, сондай-ақ ата-аналар қатысты.
Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ана байланысын нығайту болды.
Жиында сөз алған қала әкімі Қайсар Маңқараев мемлекет тарапынан оқушылардың сапалы білім алып, алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мектептің басты міндеті – білім беру ісі екеніне ерекше тоқталды.
– Мектеп – ең алдымен білім ошағы. Ұстаздың негізгі мақсаты – оқушыға сапалы білім беріп, оның тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беру. Ал бала тәрбиесі – ең алдымен отбасыдан басталады. Сондықтан тәрбие – мектеп пен ата-ана, қоғамның ортақ жауапкершілігі, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда қоғамда өзекті болып отырған ерте жүктілік, құқықбұзушылық, вандализм, нашақорлық сияқты келеңсіз құбылыстардың алдын алуда ата-ананың, әсіресе әкенің рөлі ерекше екені айтылды.
Қала әкімі Арыс қалалық ардагерлер кеңесі мен оның жанынан құрылған «Әкелер мектебінің» өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін ерекше атап өтіп, олардың жыл бойы мектептерді аралап, ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіп, тәрбиелік бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүргенін жоғары бағалады.
Іс-шара барысында әке тәрбиесінің маңызы, ұлттық құндылықтар, ұрпақ сабақтастығы және жастар тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар ұрпақ тәрбиесі жолындағы бірлескен жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтіп, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын ерекше жеткізді.