Арыс қаласында үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала аумағы 17 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мамандар бекітілген. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында қала әкімі Қайсар Маңқараев сектор топбасшыларымен кезекті жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Жиын барысында қала басшысы үйірлі шегірткелердің қанаттануына дейін химиялық өңдеу шараларын үздіксіз әрі тиімді жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте әр секторға жауапты мамандар өз аумақтарында тұрақты мониторинг жүргізіп, ахуалды қатаң бақылауда ұстауы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар, өңдеу жұмыстарына қажетті техника, су тасымалдау және дәрі-дәрмекке қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, сектор басшылары дереу штаб төрағасына хабарлап, мәселені жедел шешу керектігі тапсырылды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, оларды іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді. Бұл қабылданған шешімдер жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, облыстық Болжам орталығының мәліметіне сәйкес, Арыс қаласы аумағында аса қауіпті секторлар тіркелмеген. Қазіргі таңда 11 сектордың жағдайы бақылауда болса, 6 сектордың қауіптілік деңгейі төмен деп бағалануда. Химиялық өңдеу шараларына 76 бүріккіш техника, 21 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылып, жалпы 97 техника жұмыс істеуде. Сондай-ақ, зиянкестердің таралуын анықтап, бақылау жүргізу үшін 190 анықтаушы бекітілген.
Жалпы, қала аумағында үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып, ахуалды тұрақтандыру бағытында тиісті шаралар қабылдануда.