1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Арыс қаласында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Шара аясында қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған алтын құрсақ аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.
Әкім орынбасары аналарды құттықтай отырып, олардың отбасы институтын нығайтудағы және ұлт болашағын қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды.
Мемлекеттік марапатқа ие болған аналар да көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Арыс қаласында 2700-ден астам батыр ана бар. Олар ай сайын табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы алады. Сонымен қатар, көпбалалы аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынау құқығына ие.