ТІЛ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТІРЕГІ

ТІЛ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ТІРЕГІ

Арыс қаласында тілдің мәртебесін ұлықтауға бағытталған «Тіл – мәңгілік мұра» атты қалалық салтанатты іс-шара өтті. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған тағылымы мол жиынға тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар, ардагерлер, этномәдени бірлестік мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара қазақ биімен басталып, тілдің қоғамдағы орны мен маңызын дәріптеген бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ана тіліміздің құндылығын насихаттау, өскелең ұрпақтың тілге деген құрметін күшейту бағытында мазмұнды ойлар айтылды.

Мерекелік жиынның ашылуында Арыс қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков құттықтау сөз сөйлеп, тіл – ұлттың рухани тірегі, ел бірлігінің негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршаға ортақ міндет екенін жеткізіп, тіл жанашырларына алғысын білдірді.

Шара аясында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған әдеби монтаж ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, көпшілікке құрмет көрсетілді.

Жиында қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Әбсаттар Жүніс баяндама жасап, тілдің ұлт болашағындағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын насихаттауға арналған сахналық көрініс көрермен назарына ұсынылды.

Кеш барысында ұлттық өнер дәріптеліп, күйшілер өнер көрсетіп, әсем әндер орындалды. Тағылымы мол басқосу көпшілікке рухани әсер сыйлап, ана тіліміздің мәртебесін асқақтатуға үндеген мазмұнды мерекеге ұласты.