
Арыс қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды шара ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалы мамандарының қатысуымен өткен бұл көшпелі семинар «AI-қызмет: Жасанды интеллект» тақырыбына арналды. Жиынның басты мақсаты — қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмыс процесінде жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі нәтижелі қолдану дағдыларын қалыптастыру болды.
Семинар барысында мамандар мемлекеттік секторды цифрландырудың маңызы мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіріп, арнайы дайындалған танымдық бейнероликтерді ұсынды.
Қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, жасанды интеллектімен тікелей жұмыс істеудің практикалық әдіс-тәсілдерін де үйренді.
Оқу сағатының соңында мемлекеттік қызметшілер өз смартфондары арқылы арнайы тестілеуден өтіп, алған білімдерін саралады. Шара соңында сынақтан сүрінбей өткен қызметшілерге біліктілікті растайтын арнайы сертификаттар табыс етілді. Бұл бастама мемлекеттік аппарат жұмысын заман талабына сай оңтайландыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды.
Одан бөлек, Әдеп жөніндегі уәкілі мемлекеттік қызметшілерге Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау, Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға болмайтындығы туралы қатаң ескертіліп, оның зардаптары бойынша жеке аталды.