
Бүгін қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің аппаратына қарасты Әдеп жөніндегі уәкіл Ербол Керімбекұлы Ормановтың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық мекемелердің жетекшілері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында Ербол Керімбекұлы мемлекеттік қызметтің күнделікті жұмысында туындайтын әдеп нормаларын сақтау, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнату, сыбайластық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ол өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби имиджін көтеруге бағытталған кешенді шараларды күшейтуді тапсырды.
Кездесу кезінде Арыс қаласы әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Талғат Анашбеков қала көлемінде атқарылып жатқан әдептік бақылау, сыбайластықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Жиын соңында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын бұлжытпай орындау, қызметтік әдебі мен мінез-құлық мәдениетін нығайту, сондай-ақ сыбайластыққа жол бермеу тетіктерін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсынымдар берілді.