ОҚУШЫЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚЫР-СЫРЫМЕН ТАНЫСТЫ

ОҚУШЫЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ҚЫР-СЫРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Арыс қаласы әкімдігінде мектеп оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Шара барысында қала әкімдігінің жұмыс барысымен балалар тікелей танысып, мемлекеттік қызметтің қыр-сыры туралы ақпарат алды.

Экскурсияны қала әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Талғат Анашбеков жүргізді. Ол оқушыларға әкімдіктің дербес бөлімдері мен олардың функционалдық қызметтері, мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен қызметтік этикасы жайында толық түсіндірді. Сонымен қатар, қала мәслихатының жұмысы мен оның құрылымы туралы таныстырылым көрсетілді.

Шара аясында «Ашық әкімдікте – ашық кітапхана» жобасы бойынша әкімдіктің үшінші қабатында орналасқан кітапханаға да экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар кітапхананың мүмкіндіктерімен танысып, мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтарын арттырды.

Аппарат басшысы сондай-ақ жеткіншектерге мәжіліс саласында мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері, оның абыройлы әрі маңызды міндет екендігі туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің әдебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың мәні мен салдары жайында ақпарат берілді.

Экскурсия соңында оқушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара қатысушылары әкімдіктің қызметімен жақынырақ танысып қана қоймай, еліміздің патриот жастарының болашақта мемлекеттік қызметке үлес қосуға мүмкіндігі бар екенін тағы бір мәрте түсінді.