Арыс қаласында 5 қазан - Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт рухының шамшырағы» атты мерекелік жиын өрнекті өнермен әрленіп, жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, AMANAT партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, білім саласының ардагерлері және ұстаздар қауымы қатысты.
Мерекелік кештің шымылдығы тамаша биімен көпшілікке кеңінен танылған «Сыр сұлуы» би тобының өнерімен ашылды. Облыстық байқаулардың жүлдегері, Ташкентте өткен халықаралық “Нұрай Fest” фестивалінің бас жүлде иегері және республикалық “Бидің сиқыры” байқауының жеңімпазы атанған бұл топтың құрамын М.Шаханов атындағы мектептің түлектері құрайды.
Көрермен ықыласын түлеткен әсерлі қойылымнан кейін құттықтау сөз кезегі қала әкімі Қайсар Зәкірұлына берілді. Әкім ұстаздарға жүрекжарды ықыласын білдіріп, білім беру саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар педагогтарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің және қала әкімінің марапаттарын салтанатты түрде табыстады.
Одан кейін сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов те мереке иелерін құттықтап, ұстаздарға құрмет көрсетіп, облыстық және қалалық мәслихаттың грамоталарын тапсырып, жылы лебізін білдірді.
Салтанатты жиында қалалық білім бөлімі басшысы Әшімхан Момбеков те ұстаздарға арналған ізгі тілегін арнап, Түркістан облысы білім басқармасының және өзінің атынан бірнеше мұғалімге марапаттар табыстап, еңбектеріне құрмет көрсетті.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Қалалық Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебінің ұстаздары «Арқалықтың ақ таңы» әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. «Абудин» балабақшасының тәрбиеленушілері «Бипыл» биін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. №4 бастауыш мектептің дарынды оқушылары – қала, республика және халықаралық байқаулардың бас жүлдегері «Айжұлдыз» би тобы «До-ре-ми» биін ұсынып, мереке сәнін аша түсті.
Шараның қорытындысында жас мамандардан құралған хор «Ұстазым!» әнін орындап, ұстаздарға арналған құрмет кешін әсерлі нотамен түйіндеді.