МОНТАЙТАСТА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ.

МОНТАЙТАСТА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ.
Арыс қаласына қарасты, Монтайтас ауылдық округінде көптен бері халықтың көкейіндегі өзекті мәселе шешімі табылды. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында округ орталығынан жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді.
 
Қаладан алшақтағы ауылдастар өміріндегі айтулы сәтке қала әкімі Қайсар Маңқараев, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Шайзада және ауылдың белсенді тұрғындары мен ақсақалдары қатысты.
 
Жиын барысында сөз алған қала басшысы Қайсар Зәкірұлы бұл нысанның тек ғимарат емес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті.
 
Айта кетейік, Монтайтас ауылдық округі — географиялық жағынан қаладан шалғай орналасқан әрі жер көлемі үлкен аймақтардың бірі. Мұнда округке 8 елді мекен кіреді, онда 7 мыңнан астам халық тұрады.
 
Мұнда әсіресе жазғы егіншілік пен пішен жинау науқанында өрт қаупі айтарлықтай артады.
 
Шалғайлықтың салдарынан өрт сөндіру көліктері жеткенше бағалы уақыт жоғалатын еді.
 
Осы мәселені ескере отырып, жергілікті билік пен тиісті департаменттер бірлескен жұмыс жүргізіп, бүгін бекеттің лентасы қиылды.
 
Салтанатты шара соңында ауыл ақсақалдары атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдірді. Көптен күткен мәселенің оң шешілгеніне қуанған қариялар ақ баталарын беріп, жаңа бекеттің жұмысына сәттілік тіледі.