Монтайтас ауылдық округ тұрғындары 22 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтті.
Наурыз мерекесіне орай Монтайтаста киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды. Ақсақалдар мен әжелерге ақ дастарқан жайылып, құрмет көрсетіліп, наурызға жиналған қауым ыстық палау мен бауырсақтан дәм татты. Қариялар батасын берсе, бәйге тігілген ойын түрлеріне ауылдықтар белсене қатысты.
Ұлық мерекеге орай Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев ауылға арнайы барып, тұрғындарды жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі ниет, ақ тілегін жеткізді. Ауылымыздың өсіп өркендеуіне үлес қосқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды.
Думанды шара барысында ауыл тұрғындары арасына гір көтеру, арқан тарту, қол күрестіру, қазақша күрес т.б сайыстары ұйымдастырылып, аналар мен ақ жаулықты әжелер ұлттық салт-дәстүріміздің бірі – нәрестені бесікке салу, тұсаукесер сияқты рәсімдерін көрсете отырып, жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндіріп, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды.
Жер-ананың төсі бусанып, тіршілікке қайта жан бітетін, айнала табиғат ерекше түрге бөленіп, көк шығып, мал төлдейтін, адамдар өзара көрісіп, аман-саулық сұрасатын, арты ұлан-асыр тойға, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі.