ЖАС АҚЫНДАР ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЖЫРЛАДЫ

ЖАС АҚЫНДАР ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ЖЫРЛАДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30- жылдығына орай Түркістан облысының Түркістан қаласында қалалық адами капиталды дамыту бөлімі және жас өрендерді ұлттық өнерімізге баулып жүрген "Өнер" мектебінің ұйымдастыруымен "Тәуелсіздіктің нұрлы таңы" атты жас ақындардың жыр-мүшайрасы өтті.
1-4 және 5-8 сынып оқушылары арасында өткен мүшайраға 35 оқушы қатысып, өздерінің жүректерінен жарып шыққан төл туындыларын Тәуелсіздікке арнады.
Ұлттық әдебиетіміз бен өнерімізді насихаттауды, қазақ поэзиясын жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еткен шараға қала мектептерінен 80 оқушы қатысуға ниет білдірген.
Қазылар алқасы алдын ала іріктеу кезеңін өткізіп, 35 жас ақынға қалалық кезеңге қатысуға мүмкіндік берді.
Аталған шараны мектеп директоры Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырды. Жыр-мүшайрасында қазылар алқасының төрағасы, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскерлері Тоғжан Кенжебаева мен Октябрь Алдияров жас ақындардың шығармашылығына мұқият үңіліп, үздік шығармашылық иелерін жүлдеге лайық деп тапты.
Сайыс ережесіне сай, оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Нәтижесінде 1-4 сыныптар аралығында бас жүлдені Қ.Сәтбаев атындағы №12 жалпы орта мектебінің оқушысы Адина Шәріпбек жеңіп алса, І орынды Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Алихан Шора мен Оразәлі Данахан, Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің оқушысы Інжу Датқабек еншіледі.
Ал, 5-8 сыныптар аралығында бас жүлдеге М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебінің оқушысы Дария Тобағали лайық деп табылды. І орынға Қ.Сәтбаев атындағы №12 жалпы орта мектептің оқушысы Нұрсәуле Серікбай, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы Ернар Ермурза, Р.Исетов атындағы №20 жалпы орта мектептің оқушысы Наргиза Нуриллаевалар иелік етті.
Сондай-ақ, қатысушы оқушылар ІІ, ІІІ орындармен қатар, арнайы жүлделер және алғыс хаттармен марапатталды.
Өз кезегінде оқушылар мен жетекшілері жас дарындарды анықтап, ынталандырып отырған қалалық адами капиталды дамыту бөлімі мен "Өнер" мектебінің ұжымына алғыстарын білдірді.
Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін жоғары дәрежеде атап өтуге арналған алғашқы шаралардың бірі болды. Алдағы уақытта да, осындай тартысты мүшайралар жалғасын табатын болады.