БАЛАЛАР ҮЙЛЕРІНІҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БАЛАЛАР ҮЙЛЕРІНІҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше Арыс қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен облыс аумағында орналасқан «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мен «Бауыржан отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» және «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» бүгінгі ахуалы мен проблемалық мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Тәрбиеленушілердің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі кең көлемде талқыланған алқалы жиынға Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев және облысқа қарасты балалар ауылының директорлары, сондай-ақ бейнебайланыс режимі арқылы ҚР Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова қатысып, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің қалауы мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Дөңгелек үстелде сөз алған Мирас Асқарбайұлы балалардың құқығын қорғау, олардың ішкі жан-дүниесімен танысу, адал еңбек етуге тәрбиелеу, рухани білім беруді жан-жақты қамтамасыз ету баршаға жүктелген ортақ міндет екендігін айта келе, жиында көтерілген өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табу және оны жүзеге асыру қазіргі қоғам үшін айрықша басымдыққа ие екендігін атап өтті.
Мәселен, түркістандық тәрбиеленушілерді Түркістан қаласына тіркеп, үй алу кезегіне тұрғызу, балаларды жазғы демалыс кезінде Көкшетау, Қапшағай қалаларындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне жіберу, 2002 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген «Бауыржан отбасы үлгісіндегі балалар ауылын» жаңарту, «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» тиесілі 10 га жер телімін игеруге ықпал ету мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.