БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ОНЛАЙН БЮДЖЕТТІК МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Бюджет қаражатының тиімділігі – басты назарда. Білім беру саласына бөлінетін әрбір теңге – еліміздің келешегіне салынған инвестиция. Сол себепті қаржының мақсатты, заңды және тиімді жұмсалуы – басты басымдық.
Осы бағытта ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен ІМА департаменттерінің бастамасымен Түркістан облысы білім басқармасымен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарында «Онлайн бюджеттік мониторинг» жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Онлайн бюджеттік мониторинг – бюджеттік қаражаттың жұмсалуын автоматтандырылған түрде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Жүйе тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесіне сай, 5-15А нысанды деректер негізінде іске асырылады және 2023 жылдың ақпан айынан бастап қолданысқа енгізілді.
Мониторинг барысында төмендегідей маңызды тәуекелдер тексеріледі:
•Бір карталық шотқа бірнеше қызметкердің атына төлем жасалуы;
•Бір ай ішінде бір адамға 800 мың теңгеден астам бірнеше төлем жүргізілуі;
•Карталық шоттағы тұлғалардың деректерінің мемлекеттік базаға сәйкессіздігі.
2025 жылдың ішінде Түркістан облысы бойынша 2000-ға жуық қызметкерге қатысты жалақы төлемдеріндегі сәйкессіздіктер анықталып, тиісті органдарға хабарламалар жолданды. Мемлекет бюджетіне негізсіз төленген қаражаттың бір бөлігі қайтарылды.
Сыбайлас тәуекелдердің алдын алу мақсатында облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, білім беру ұйымдарында заңсыз төлемдердің жолын кесуге бағытталған жедел және алдын алу шаралары жүзеге асырылуда.
Қаржының әр теңгесі – халықтың аманаты. Білім саласындағы ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету бағытындағы бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.