Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламның сапары аясында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасында 2025–2027 жылдарға арналған спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Аталған құжат екі ел арасындағы спорт саласындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, ұлттық спорт федерациялары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, спортшылар мен жаттықтырушылардың өзара сапарларын қолдауға бағытталған.
Атап айтқанда:
🔹Спорт ақпараттарымен алмасу (іс-шаралар, ғылыми-әдістемелік тәжірибе, спорттық медицина, спорт инфрақұрылымы бойынша).
🔹Тараптардың елдерінде басым спорт түрлерін (ауыр атлетика, күрес, бокс, вьетнамдық дәстүрлі жекпе-жек өнері және т.б.) дамытуда өзара қолдау көрсету.
🔹Ұлттық спорт федерациялары мен ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту.
🔹Допингке қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық.
🔹Ғалымдар мен сарапшылардың конференциялар мен семинарларға қатысуын қолдау.
Меморандумда бірлескен жобаларды іске асыру тәртібі, әрбір іс-шараны қаржыландыру тетігі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері қосымша құжаттар негізінде нақты айқындалатыны көрсетілген.
Құжат бес жыл мерзімге арналған және тараптардың жазбаша келісімі негізінде өзгертілуі немесе ұзартылуы мүмкін.