Биыл KITF көрмесіне қатысушылар саны айтарлықтай артқаны байқалады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны 8%-дан астамға көбейген. Көрмеде 93 отандық және 438 шетелдік өкіл өз өнімдерін ұсынды. Бұл – халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Туризм саласындағы инвесторлар мен туристер үшін еліміз жыл сайын тартымды бола түсуде. Биылғы іс-шарада алғаш рет Латвия мен Ұлыбритания жаңа туристік бағыт ретінде өз өнімдерін ұсынып, көрменің географиясын кеңейтті.
Сондай-ақ биылғы көрмеге қатысушылар қатарында Румыния делегациясы да бар. Олар Алматыдағы көрмеге екінші рет қатысып отыр. Румыния өкілінің айтуынша, көрмеге қатысу іскерлік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ келу және шығу туризмін дамытуға өз ықпалын тигізуде.
«Алматыдағы туристік жәрмеңкеге қайта келгеніме қуаныштымын. Румыния экспонент ретінде бұл көрмеге екінші мәрте қатысып жатыр. Өткен жылғы қатысуымыз жақсы нәтиже берді, сондықтан биыл да қуана келдік. Біз Румынияға туристер жіберетін көптеген туроператормен байланыс орната алдық. Өзім де туроператормын, Қазақстанға топтық турлар ұйымдастырамын. Қазақстанды туристік бағыт ретінде ұсынуға әрқашан дайынбыз. Бұл жолы біз келу және шығу туризмін дамыту мақсатында келдік.
Былтыр Қазақстан Neo Nomad Visa атты өте қызықты бастаманы ұсынды. Бұл виза көптеген адамның қызығушылығын тудырды. Өзім де осы визаны рәсімдеуді ойлап жүрмін. Өйткені Румыниядан тыс жерде тұрып, Қазақстанда жұмыс істегім келеді. Осы елде сіздермен бірге өмір сүргім келеді», — деді Корина Мартин.