Алматыдағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығы (ҚІЫО) кешенінде KITF 2025 – отандық «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова және Iteca компаниясының директоры Борис Даниленко қатысты.
Биылғы көрмеге 30-дан астам ел мен Қазақстан өңірлерінен келген 500-ден астам компания өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында туристік ұйымдар, туроператорлар, әуе компаниялары, қонақ үй бизнесі өкілдері мен IT-компаниялар бар. Сондай-ақ халықаралық іс-шараға Әзербайжан, Ұлыбритания, Вьетнам, Үндістан, Қытай, Түркия, Жапония және басқа да елдің өкілдері келген. Сондай-ақ еліміздің 14 өңірінің стендтері ұсынылған. Әр өңір өз туристік өнімдерін, атап айтқанда, экотуризм мен медициналық бағыттардан бастап этнотуризм мен оқиғалы туризм форматтарына дейін таныстырды.
Бағдарлама аясында көрме экспозициясы бойынша шолу туры ұйымдастырылды. Ресми делегация ұлттық және өңірлік стендтермен танысып, ұсынылған туристік өнімдер, цифрлы шешімдер және жаңа бағыттармен танысты.
«Қазақстан Тянь-Шань мен Алтай тауларындағы экотуризмнен бастап, мегаполистердегі іскерлік туризмге дейін, Түркістан мен Тараз сынды ежелгі қалалардағы киелі орындардан бастап, Алматы мен Астанадағы креативті локацияларға, Шарын, Алтын Емел, Көлсай көлдері ұлттық парктері бойынша танымал маршруттардан Ұлы Жібек жолының ізімен өтетін көпкүндік экспедицияларға дейін кең мүмкіндіктер ұсынады. 30-дан астам елдің KITF көрмесіне қатысуы – Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Бұл – біз үшін зор қуаныш әрі үлкен сенімнің көрінісі», — деді Ержан Еркінбаев.
Сонымен қатар TREND ZONE: BEYOND TRAVEL форумының іскерлік бағдарламасы басталды. Оған туризмдегі жаңа цифрлық шешімдер, авиация нарығының дамуы, жасанды интеллект пен big data технологияларын интеграциялау бойынша сессиялар өтті.
KITF 2025 көрмесі 25 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде көрме аясында туристік бағыттар таныстырылып, сала көшбасшыларының қатысуымен стратегиялық пікірталастар өткізіледі.