Туристік саладағы ірі жобалар: Үкімет инвесторларға барынша қолдау көрсетуге дайын

Туристік саладағы ірі жобалар: Үкімет инвесторларға барынша қолдау көрсетуге дайын

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр бүгінгі таңда елімізде инвестициялық бірқатар ірі жоба іске асырылып жатқанын атап өтті – Үкімет туындайтын мәселелерді шешуде барынша қолдау көрсетуге дайын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан – тау шаңғысы мен табиғи туризмді дамытуға қолайлы өңір. Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік объектілер құруға, сондай-ақ экологиялық және спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Ақтау маңындағы “Жылы жағажай” аумағында бес жұлдызды қонақ үй мен тақырыптық ойын-сауық паркін салу жобалары іске асырылды. Осы өңірдегі Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін берілетін болады.

Үкімет инвесторларға барынша қолдау көрсетіп, туындайтын мәселелерді шешуге қашанда әзір»,—  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар фермерлерге агротуризммен айналысуға құқық беру үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ оқиғалық және мәдени туризм белсенді дамып келеді. Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде барлық мәдени, оқиғалық, спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекітуді тапсырды. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар осындай ауқымды іс шараларды туристерді тартуға бейімдеу үшін нақты тетіктерді әзірлеуі керек.

@KZgovernment