Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен министрлікке бағынысты ұйымдардың қызметкерлері «Наурыз мерекесі» және Ұлттық спорт күні атап өтіп, төл спортымыздан сайысқа түсті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қызметкерлерді Ұлттық спорт күнімен және алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр Наурызды мерекелеудің арнайы күнтізбесі бекітілді. Наурызнама күнтізбесіне сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні ұлттық ойындарымыз, төл спортымыз дәріптеледі. Ұлттық спорт – ұлтымыздың қазынасы, бірлік пен берекенің, батылдық пен батырлықтың бастауы. Мұнда ұлттық рух, жеңіске деген жанкештілік, тарихқа деген адалдық бар. Сондықтан ұлттық спортты дәріптеу, дамыту – қашанда маңызды», – деді министр.
Спорттық сайыста министрлік пен бағынысты ұйымдардың қызметкерлері асық ату, бес асық, арқан тартыс, қазақ күресі, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, табан тіреу, «Толағай» алыптар сайысы, қол күресі және қой көтеру сынды ойындарда бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлық табысталды.